Факультет тарихы
Биология және биотехнология факультетінің тарихы университеттің даму тарихымен біте қайнасқан. Біз әртүрлі кезеңдерде университетті басқарып, оның келешек даму бағытын бағдарлап, Қазақстан университеттерінің ішінде беделі жоғары болуын межелеп отырған ректорлар мен әкімшілік аппаратының барлық буындарын үлкен ілтипатпен еске аламыз.
Бұл күндері биология және биотехнология факультеті – жоғары білікті мамандар даярлау орталығы. Қазіргі заманғы биологияның көптеген саласы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілетін республикадағы алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың біріне айналды. Факультет құрамында: 4 кафедра (биотехнология; биоалуантүрлік және биоресурстар; биофизика, биомедицина және нейроғылымдар; молекулалық биология және генетика), 2 ғылыми-зерттеу институты (Биология және биотехнология мәселелері ҒЗИ, Экология мәселелері ҒЗИ) жұмыс істейді. Факультеттің маңызды бөлімшелерінің бірі – биолог мамандар даярлауға, ғылыми-ағартушылық және кәсіби бағдар беру жұмыстарына белсене ат салысып жүрген факультеттің Биологиялық мұражайы.
Факультетте 1300-ден астам студент пен магистрант білім алуда. Білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын 6 ҚР ҰҒА академигі, 30 ғылым докторы және 85-ке жуық биология ғылымдарының кандидаты атқарады. Солардың қатарында: ҚР ҰҒА академиктері М.Х. Шигаева және Х.Д. Дүйсембин, биология ғылымдарының докторлары: Н.М. Мұхитдинов, А.Б. Биғалиев, А.А. Жұбанова, С.Т. Нұртазин, Қ.Ә. Сапаров, Т.М. Шалахметова, Б.Қ. Заядан, З.Ғ. Айташева, Т.Ж. Мұқашева, В.М. Инюшин, С.Г. Нестерова, А.Т. Иващенко, К.Қ. Шүлембаева,, С.Т. Төлеуханов, Г.В. Николаев, Т.А.Карпенюк, С.Ж. Колумбаева, А.Қ.Бисенбаев бар. Олармен бірге студенттерге білім беруге Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты институттардың ірі ғалымдары мен жетекші мамандары да ат салысуда. Академиялық институттармен тығыз байланыс орнату, солардың негізінде кафедралардың бөлімшелерін ашу және білім беру барысында институттардың ғылыми әлеуеті мен құрал-жабдықтарын кеңінен пайдалану – ауқымды теориялық негізі бар, осы заманғы зерттеу әдістерін меңгерген және биология ғылымдарының неғұрлым өткір проблемаларын шеше алатын мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Құрылғалы бері факультет биология ғылымының саналуан салалары бойынша 12 мыңнан астам маман даярлады. Олар ғылыми-зерттеу мекемелерінде, өндірісте, республикамыз бен алыс-жақын шет елдердің жоғары және орта білім беру жүйесінде қызмет істеп жүр.
Іс жүзінде Республиканың биологиялық сипаттағы ғылыми-зерттеу мекемелерінің барлық қызметкерлері – биология факультетінің түлектері. Олардың бірқатары ғылыми-зерттеу институттарын, бөлімдер мен зертханаларды басқарады, жоғары оқу орындарында кафедра басшылары қызметтерін атқаруда. Факультет өзінің академиктері И.О. Байтулин, М.Ә. Айтқожин, Е.В. Гвоздев, Б.А. Быков, И.Ә. Әбуғалиев, Т.М. Мәсенов, Ф.А. Полимбетова, Х.Д. Дүйсембин, Ж.У. Ақанов, М.К. Гильманов, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі П.А.Лер сынды түлектерін мақтан тұтады.
Факультеттің дамуына және жоғары білікті биолог мамандарды дайындауда факультет декандары: ҚР ҰҒА академиктері И.О. Байтулин, М.Х. Шигаева және Р.И. Берсімбаев үлкен үлестерін қосты.
|
Биология факультеті ғылыми мектептерінің негізін қалаушылар галереясы
Паразитология | Жануарлар биоморфологиясы | Ихтиология және гидробиология |
Энтомология | Гидробионттар биологиясы және экологиясы | Тыныс жүйлерінің салыстырмалы және эволюциялық морфологиясы |
Бидай генетикасы және селекциясы | Өсімдіктер генетикасы және дарвинизм | Молекулалық генетика |
Лимфа жүйелерінің физиологиясы | Климатофизиология | Лактация физиологиясы | |
Биохимия және өсімдіктер физиологиясы | Биотехнология | Биоинформатика, геномика, биотехнология |
Ботаника кафедрасы Ризология |
Микробиология кафедрасы Микроорганизмдер генетикасы және селекциясы |
Экология кафедрасы Экологиялық генетика |
Биология факультеті 75 жылдың ішінде биология ғылымының әртүрлі салалары бойынша ғылыми-зерттеу мекемелерінде, өндірістерде, тек қана Қазақстанның білім беру саласында ғана емес, ТМД елдерінде, сонымен қатар алыс шет елдердің (АҚШ, Франция, ГФР, Израил, Греция, Англия, Дания және т.б.) білім саласында қызмет атқаратын 10 мыңнан аса маман даярлады.
Биология факультетінің түлектері республикамыздың әртүрлі қызмет ету салаларында және шет елдердің Гарвард, Техас, Вирджиния университеттерінде (докторлар Архат Абжанов, Руслан Бияшев, Рүстем Омаров, Дос Сарбасов, Таттым Шайкенов), Густава Рози (Франция) институтында (доктор Мұрат Сапарбаев), Торонто (Канада) университетінде (доктор Нұрлан Кильдибеков), Ұлыбритания университетінде (докторлар Күлпаш Нұрқиянова, Майра Танкиманова, Шолпан Даулетова) және көптеген маман табысты еңбек етуде.