ҚазҰУ-да «Есептеу және ақпараттық технологиялар ғылымда, техникада және білімде» атты халықаралық конференция өтеді

23.09.2015

Көрулер: 3905

2015 жылы 25 – 27 қыркүйекте Алматы қаласында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2002 жылдан бастап жылда өтетін, бай дәстүрі бар «Есептеу және ақпараттық технологиялар ғылымда, техникада және білімде» тақырыбында Халықаралық конференция болады.

Конференция ұйымдастырушылары: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Косов Митровицадағы Приштина университеті (Сербия), Абу-Даби университеті (БАЭ), Новосибирск ұлттық зерттеу мемлекеттік университеті (Ресей), Новосибирск мемлекеттік техникалық университеті (Ресей), Сібір телекоммуникациялық және информатика мемлекеттік университеті (Ресей) сияқты жетекші шетелдік университеттер мен шетелдік және отандық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары: РҒА СБ есептеу технологиялар институты (Ресей), Штутгарт жоғарыөнімді есептеу орталығы (Штутгарт университеті, Германия), Ақпараттық және есептеу технологиялар институты (Қазақстан).

Жаңа білімдер мен ғылыми жетістіктерді бөлісу, әртүрлі елдердің ғалымдары арасындағы байланысты дамыту, белгілі ғалымдарды республикамыздың ғылыми-техникалық саласына тарту және Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі арттыру конференцияның мақсаты болып табылады.

Конференция мәселесі – дамудың жетістіктері мен болашағын талқылау және ғылымда, техника мен білімде алдыңғы қатарлы есептеу және ақпараттық технолонияларды қолдану, халықаралық байланыстарды нығайту және ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.

Бұл конференцияны тарихи тұрғыдан қарастырсақ, ол ресей және қазақстандық ғалымдарының тығыз ынтымақтастығының негізінде ұйымдастырылған болатын және есептеу технологиясы саласындағы ең алдыңғы қатарлы жетістіктерді талдаудың жалпы алаңшасы болды. Әр түрлі жылдарда конференция Алматы (2002, 2004, 2008, 2015 жылдары), Павлодар (2006 ж.), Өскемен (2003 ж., 2013 ж.) қалаларында өткізілді. Кейіннен конференция географиясы кеңейтіліп, қазіргі таңда конференцияға Европа, АҚШ, Жапония, Үндістан, Түркия және т.б. елдердің жетекші ғалымдары қатыса бастады.

Конференция Қазақстанның ғылым және білім флагманы болып есептелетін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында өтеді. Есептеу және ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулер тура осы жерде шоғырланған.

Конференцияда есептеу және ақпараттық технологиялар бойынша келесі бағытта өзекті және заманауи проблемалар қарастырылады: технологиялық үрдістерді математикалық модельдеу, жоғарыөнімді есептеулер; ақпаратты басқару, өңдеу және қорғау; технологиялық үрдістерді автоматтандыру және басқару; білім беруде жаңа ақпараттық технологиялар.

Конференцияның «Технологиялық үрдістерді математикалық модельдеу» бағыты бойынша еңбектер жинағын Thomson Reuters агенттігі индекстейтін Springer баспасының «Communications in Computer and Information Science» сериясында жариялануы осы конференцияның маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады.

Конгресс жұмысына Германиядан, АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Франциядан, Сербиядан, Үндістаннан, Ресейден, Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және т.б. елдерден ғалымдар қатысады.

Сонымен қатар, конференцияға әр түрлі елдердегі жас ғалымдар да қатысады. Есептеу және ақпараттық технологияларының өзекті проблемаларын бірлесіп талқылау мен шешуге ұмтылу олардың бәрін біріктіреді. Конференцияға қатыса отырып жас ғалымдардың жаңа буындағы тұтас саңлақтар тобы құрылды.

Жалпы алғанда, екі пленарлық мәжілісте конференцияның ғылыми бағыты бойынша 14 баяндама, 5 секцияда 250-ге жуық теориялық, тәжірибелік және қолданбалы сипаттағы ғылыми баяндамалар жасалады, 50-ден артық шетелдік ғалымдар баяндама жасайды.

«Есептеу және ақпараттық технологиялар ғылымда, техникада және білімде» Халықаралық конференциясының ашылуы мен пленарлық мәжілісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің механика-математика факультетінде 2015 жылы қыркүйектің 25 жұлдызында сағат 9.00-де басталады.

Конгресстің соңғы пленарлық мәжілісі, конференция қорытындысын шығару 2015 жылы қыркүйектің 26 жұлдызында сағат 18.00-де болады.

Байланыс телефондары:

8(727) 377 32 21, 8- 701515 43 47, 8- 777 262 9301 механика - математика факультетінің деканы Бектемесов Мактағали Әбдімәжитұлы

8(727) 377 35 76 механика және математика ҒЗИ директоры Қыдырбекұлы Алматбек Балғабекович