Қазақстанның ядролық қаруға қарсы Халықаралық Невада-Семей қозғалысының 25 жылдығына арналған «Вспоминая, думай о будущем» атты кітаптың тұсаукесері өтеді.

04.03.2015

Көрулер: 4467

2015 жылдың 5 наурызында сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (15-қабат, ректорат) тәуелсіз Қазақстанның ядролық қаруға қарсы Халықаралық Невада-Семей қозғалысының 25 жылдығына арналған «Вспоминая, думай о будущем» («Өткеніңді есіңе алып, ертеңіңді ойла!») атты кітаптың тұсаукесері өтеді. ЮНЕСКО-ның шешімімен бұл кітап халық алдындағы еңбегі үшін «Әлем естеліктері» атты Әлемдік реестрге еніп отыр.

Кітаптың авторлары - осы қозғалыстың тікелей қатысушылары, адамзатқа қарсы айтылмаған соғыстың құрбандары, Семей полигонынан зардап шеккендер.

Іс-шарада ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі белгілі ақын, саясаткер, дипломат Олжас Сүлейменов, ғылым саласының танымал тұлғалары, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысады.

Кітапта 25 жылдық тарихы бар ядролық қаруға қарсы қозғалыстың әр қадамы үлкен толғаныстармен, терең ойлармен жүйелі түрде берілген. Бұл кітаптың жарыққа шығуы жаппай ядролық қаруды қолдануға қарсылық көрсетіп, оны тұңғыш рет тежеген қазақстандықтардың қайсарлығын әлем жұртшылығына әйгілейді.

1989 жылы ақпан айында «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жабу жөніндегі алғашқы шешімді қабылдады. 1992 жылы ол Лиссабон хаттамасына қол қойып, республика барлық ядролық қарудан бас тартты. Сонымен бірге, біздің мемлекет ядролық қаруларды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қол қойды.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі