«Ұлы даланың жеті қыры» тарихи-көркем экспозициясы және «Мен жастарға сенемін!» жастар форумының ашылуы
Көрулер: 2886
28 қарашада Жастар жылы қарсаңында және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи-көркем экспозициясының және «Мен жастарға сенемін!» VI республикалық студенттік патриоттық жастар форумының ашылуы өтеді.
«Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясы «Қазақ елі» тарихи-көркем кешенінің негізгі құрамы және ол Елбасы мақаласында айтылған тарихи мұралардың жеті белгісін суреттейді. Мұнда біздің бабаларымыздың жетекші технологияларына куәлік ететін, әлемде кеңінен таралған артефактілер ұсынылған.
Қазақстан тарихында бірінші рет экспозицияда 136 әріптен тұратын, әр жылдары Венгрия, Германия, Болгария, Қытай, Норвегия, Моңғолия, Ресей елдерінде жүргізілген археологиялық зерттеулер негізінде Қытай ғалымдары тарапынан жасалған бірегей Ғұн әліпбиі көрсетіледі.
«Қазақ елі» кешені сонымен бірге «Алаш» көсемдерінің еңбектері және ғасыр бойы тәуелсіздікті аңсаған, болашақтың азаттық таңын армандаған бабалардың қазіргі ұрпақтарының көркем көрінісі бейнеленген «Алаш мұраты» және «Мәңгілік ел» залдарынан тұрады.
Әл-Фараби ғылыми кітапханасында «Ұлы дала жастары» конференциясы өтеді. Оған «Мен жастарға сенемін!» VI республикалық студенттік патриоттық жастар форумының іріктеу кезеңінен өткен 70 аймақтық университеттен 500-ден аса студент қатысады. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылатын форум алты жыл ішінде жастар үшін мемлекеттік деңгейдегі шығармашылық алаңға айналды. Осы жылы форумға қатысу үшін ұйымдастыру комитетіне Қазақстанның барлық өңірінен 2 мыңға жуық студент өтініш жолдаған.
2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумның бағдарламасы дәстүрлі түрде төрт байқаудан тұрады: «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар; «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер; «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығармалар; «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық әндер байқауы.
Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселелерінің мемлекеттік маңыздылығын ескере отырып, Сізді тарихи-көркем экспозицияның ашылуына және форумға қатысуға, сонымен бірге іс-шараны жариялауға ақпараттық қолдау танытуға шақырамыз.
Өтетін орны мен уақыты: Алматы қ., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
- «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи-көркем экспозициясының ашылуы және «Ұлы дала жастары» конференциясы Ғылыми кітапханада, сағат 10.00-де өтеді.
- «Мен жастарға сенемін!» республикалық студенттік патриоттық жастар гала-форумы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында, сағат 17.00-де өтеді.