«Корей түбегінің бейбіт болашағы және Кореяның бірігуіндегі диаспораның ролі» атты халықаралық ғылыми форум

17.05.2018

Көрулер: 3324

18 мамыр күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Орталық кітапханасында Халықаралық ғылыми форум өткізіледі. Форумның ұйымдастырушылары – Кореяның бірігуі жөніндегі Министрлік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстандағы корейлер Ассоциациясы. Іс-шараны дайындауға және өткізуге Кённам университетінің Қиыр Шығыс мәселелері бойынша ҒЗИ мен Кореяның бейбіт және демократиялық жолмен бірігуі бойынша Консультативті кеңесінің Орталық-Азиялық өкілдігі ат салысты.

Форумда алғаш рет Солтүстік және Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Австралия мен Қазақстанның ғалымдары, сонымен қатар үкіметтік органдардың, дипломатиялық корпустың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, Алматы қаласы университеттерінің оқытушылары мен студенттері бірге бас қосады. Оңтүстік Кореядан 60 адамнан тұратын өкілетті делегация, Пхеньяннан 5 адам, Москвадағы КХДР елшілігінен 2 дипломат және Атыраудан ITF версиясы бойынша таэквандо нұсқаушысы келді.

Пленарлық мәжілісте Кореяның бірігуі істері бойынша министр Джо Мёнг Гюнның баяндамасы осы министрліктің департамент директоры Пак Хёнг Илдің оқылуында тыңдалатын болады.

Форумда екі секция жұмыс жасайды. Біріншісі Корей түбегіндегі бейбітшілікті сақтау мәселелерін талқылауға арналады. Бірігу министрлігінің саяси серіктестік бойынша департамент директоры Пак Хёнг Иль, Ресей Ғылым Академиясының Қиыр Шығыс институты Корей зерттеу орталығының жетекшісі Жебин Александр Захарович, Пхеньяннан келген Отанның бірігуін зерттеу бойынша Институт бөлімінің меңгерушісі, доцент Чжон Ки Пун мен Сунгсиль (Сеул) университетінің профессоры Ли Джонг Чоль баяндама жасайды.

Екінші секцияда Кореяның бірігуіндегі корей диаспорасының ролі туралы баяндамалар тыңдалады. Инха университетінің профессоры Ли Джин Ёнг, Австралия Ұлттық университетінің профессоры Леонид Петров, Өзбекстаннан келген жазушы және журналист Ким Владимир, Корей шет тілдер университеті Орталық Азия институтынан келген профессор Хван Ён Сам (Сеул) сөз сөйлейді. Әртүрлі елдерден келген төрт сарапшы пікір-сайысшы ретінде қатысады.

Ғылыми форумның соңында «Корей жастары және Корей түбегіндегі бейбіт бастамалар» тақырыбында Жастардың дөңгелек үстелі өткізіледі. Бұл іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Абылай хан атындағы ҚазМХҚжӘТУ-дің корейтану бөлімдерінің студенттері мен Қазақстан корейлері Жастар қозғалысының белсенділері қатысады.

Ғылыми форумның жұмыс тілдері – орыс және корей тілдері; ізбе-із аудармамен қамтамасыз етіледі.

Келесі күні, 19 мамырда Студенттер сарайында дәстүрлі этникалық мәдениет Фестивалі өткізіледі. Онда Солтүстік және Оңтүстік Кореядан келген әншілер өнерлерін көрсетеді. Ал спортшылар таэквандоның солтүстіккореялық және оңтүстіккореялық версиясы бойынша өз шеберліктерін көрсетеді. Фестиваль барысында үлкен концерт пен ұлттық ойындар өткізіліп, лотерея ойындары мен кәдесыйлар қатары ұйымдастырылады.

Қазақстандағы корейлер Ассоциациясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дайындаған мәдени бағдарлама шетелдік қонақтар үшін жұмыс жасайды.