Түркі әлемі

ТҮРКІ ЖАЗУЫ МЕЙРАМЫ

Ұрпағының санасында жаңғырып,

Жақсы адамның өлмейтіні заңдылық.

Ғұламаның ғұламасы Қашқари,

Салған ізі өшпейтұғын мәңгілік!

Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және үзеңгіні ойлап тапты.

Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан Республикасының президенті

Түркология – әлемдегі түркітектес 40-қа жуық ұлт пен ұлыстың, 170 миллион халықтың мақтан тұтар мәдени-рухани құндылығы, патриоттық сезіміне қан жүгіртіп, қуат беруші ғылымы. Түркология – бүкіл түркі тілдес халықтардың бірігетін ғылыми Күлтөбесі, Ордабасы. Түркі ұлдары мен қыздары осы ғылым арқылы рухтанып, ұлтына деген мақтанышы мен махаббатына мәйек жинайды. Түркі ұрпақтарының ары мен намысының сарқылмас рухани кені – түркология.

Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының жанынан құрылып отырған «Түркі әлемі» клубының алдына қойған мақсаты – Алтайдан Еуропаға дейінгі аралықты ежелден қоныс тепкен, бүгіндері жеке өз алдына дербес мемлекет құрған түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті мен болмысын, олардың философиялық дүниетанымын жан-жақты қарастыру, әдебиеті, мәдениеті, тарихы мен этнографиясы, тілі, діні, фольклорлық туындылары мен шежіресін, қоғам және өнер қайраткерлерінің рухани мұраларын жинақтау, насихаттау, оларды бүгінгі заман талабына сай қарастыру, түркі халықтарының асыл мұраларын кешенді түрде зерттеу.

Еліміздегі белсенді жоғары оқу орны саналатын қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті және Қазақ филологиясы мамандықтары бойынша білім алатын 1-2 курс студенттері «Түркі филологиясына кіріспе», «Түркітануға кіріспе» пәнін оқиды. Аталған пәндерден студенттер түркі халықтарының тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрлерін меңгеріп, өздерінің түпкі ата тілінің қасиетін тереңнен зерделеуге мол мүмкіндік алады.

«Түркі жазуы мейрамы» 1993 жылдан бері жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы ұжымы мен «Түркі филологиясына кіріспе», «Түркітануға кіріспе», «Көне түркі тілі» пәндерінен ұзақ жылдар бойы дәріс оқыған филология ғылымдарының докторы, профессор Р.А.Авакованың қолдауымен өткізіліп келсе, бүгінгі таңда филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Б. Бектемірова мен PhD доктор А.М. Досанованың ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «Түркі жазуы мейрамы» жылы сайын өзінің жалғасын табуда.

Тәлім-тәрбиелік мәні зор мұндай іс-шаралардың өткізілуі, болашақ ұрпақтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің арта түсуіне өз ықпалын тигізері сөзсіз.