Кафедраның тарихы

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президиумының қаулысымен 1977 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде елімізде түңғыш араб тілі бөлімі ашылды. Бұл республиканың білім беру ісі мен мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды.

Кеңестік заманда шығыс, соның ішінде араб тілін меңгергісі келген жастар Москва, Ленинград, Ташкент, Душанбе университеттері сынды оқу орындарында ғана білім алатын. ҚКСР Жоғары кеңесінің төрағасы белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков бастаған зиялы қауым білікті арабтанушы мамандар дайындау қажеттігін мемлекеттік деңгейде көтерді.

Араб тілінің мамандары бастапқыда жалпы тіл білімі кафедрасының құрамында жұмыс істеді.

1984 ж. шығыс филологиясы кафедрасы ашылды және бұл кафедра қазіргі шығыстану факультетінің құрылуына негіз болды.

Араб бөлімінің, кафедраның ашылуына сол кездегі ҚазМУ ректоры академик Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков үлкен қолдау көрсетті.

Кафедра тарихы белгілі шығыстанушы ғалым, мемлекет қайраткері ҚР Жоғары Мектеп академиясының академигі профессор Әбсаттар Дербісәлінің есімімен тығыз байланысты.

Кафедра мен факультеттің негізін қалаған ол араб тілінің алғашқы оқытушысы қызметінен бастап, ол университетте кафедра меңгерушісі, факультет деканы, халықаралық байланыстар бойынша проректор болып жұмыс істеді.

Профессор Ә.Дербісәлі кафедраға мамандар жинауда қажырлы еңбек етті. Ғалымның ұйымдастыруымен оқытушылық қызметке Ленинград университетін бітірген қазақтың тұңғыш арабтанушы қызы М.Н.Мәженова, сол университеттің үздік түлектері Г.Е.Надирова, Ф.Х.Мамеко, Т.Н.Жемкова, Ташкент университетінің түлектері Г.Рамазанова, Д.Н.Нұртазинова сияқты жоғары білікті мамандар шақырылды. Кафедрада бүгінгі белгілі дипломаттар, ҚР араб елдеріндегі елшілері Б.С.Тасымов, Б.Қ.Әмреев, А.Р.Бердібаев, Қ.Лама-Шариф және т.б. оқытушылық қызмет етті.

Қайрат Лама-Шариф - Қазақстанның Сауд Арабиясыңдағы елшісі, кафедраның 1990 ж. түлегі.

1991 ж. шығыс филологиясы кафедрасынан араб филологиясы, иран-түрік филологиясы кафедралары бөлініп шықты.

1997 ж. кафедра меңгерушісі профессор Г.Е.Надирова болды.

1991 ж. ашылған иран-түрік филологиясы кафедрасының негізін профессор Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов қалады. Лениншіл Зиябекұлы шығыстану факультетінің деканы және иран-түрік кафедрасының меңгерушісі лауазымдарын қатар атқарды. Білікті басшы ирантанушы мамандар жинауға үлкен жауаптылықпен қарады, кафедрада қазірде белгілі ирантанушы ғалым ф.ғ.д. Ислам Жеменей, С.Ә.Мусоев, М.Жүрсінбеков, Зейнали, А.Асар, М.Қанағатов сияқты оқытушылар дәріс берді.

1993-94 ж. кафедрада Ленинград мемлекеттік университетінің түлегі т.ғ.д. Ж.М. Жаппасбаева-Төлебаева меңгеруші болды.

1994 ж. кафедраға парсы бөлімінің алғашқы түлектері С.Беркімбаева, А.Боранбаева, Г.Құдайбергенова, Т.Мусаходжаев, Б.Сауғабаевтар 1995 ж. түлектер Ғ.Жумадилова, Г.Жумабекова, Қ.Рахимовалар, оқытушылық қызметке қалдырылды. Сонымен қатар ирандық мамандар Хакам, Гүлзари, Ислами-Торбати, Мовахединфард, Камаладдин, Мохаммади, Исфархам сынды оқытушылар қызмет етті.

Ирантану және үндітану кафедрасының меңгерушісі қызметін 1994-2008 ж. аралығында профессор Өтеген Күмісбаев атқарды.

2008-2011 ж. кафедра меңгерушісі Ғ.Т.Жумадилова болды.

2011 ж. университетте өткен қайта құруға байланысты екі ұжым бірігіп, арабтану және ирантану кафедрасы ашылды, оның меңгерушісі болып профессор Г.Е.Надирова сайланды.

2012 - 2014 ж. кафедра меңгерушісі – доцент А.К.Ахметбекова.

2014 жылдан бері М.Б.Салқынбаев меңгерушілік қызметті атқарып келді.

Қазіргі заман талабына сай модернизацияланудың нәтижесінде 2015жылдың 1 ақпанынан бастап Арабтану және ирантану кафедрасының атауы Таяу және Орта Шығыс кафедрасы болып өзгерді.

2015-2016 оқу жылында Таяу жəне Орта шығыс кафедрасына үндітану бөлімінің қосылуына байланысты кафедра атауы Таяу Шығыс жəне Оңтүстік Азия Кафедрасы болып өзгертілді.

2019-2022 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі болып саяси ғылымдар кандидаты, доцент Сүлейменов Пирімбек Мұханбетұлы тағайындалды.

 
2022 жылдан бастап кафедра меңгерушісі қызметін философия ғылымдарының кандидаты Кокеева Дариға Молдағалиқызы атқарады.