Атақты ғалым-зерттеушілер

СҮЛЕЙМЕНОВА ЭЛЕОНОРА ДҮЙСЕНҚЫЗЫ

1995 жылдан 2009 жыл аралығында кафедраны ҚР ЖМ ХҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Э.Д.Сүлейменова басқарды. Э.Д. Сүлейменова МАПРЯЛ Президиумының мүшесі (Братислава, 1999), ТМД қатысушы мемлекеттерінің Базалық ұйымы тіл және мәдениет жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшесі (Москва, 2000), ИНТАС ғылыми кеңесінің мүшесі (Брюссель, 2003), ИНТАС сарапшысы (Брюссель, 1996-1999), «Русский язык за рубежом» журналының Халықаралық редакциялық кеңес мүшесі (Мәскеу, 1999), "Russian Language Journal" (Washington, 2000); «Вестник МАПРЯЛ» журналының Халықаралық редакциялық кеңес мүшесі (Москва, 1999), КазПРЯЛ президенті (Алматы, 1998). 1993-1994 жылдары Э.Д. Сүлейменова – Мэриленд Университетінің славистика департаментінің (США) профессоры.

 

1997 жылдан бері Э.Д. Сүлейменова – Д 14 А.01.31 (1997-2001) диссертациялық кеңесінің төрағасы, одан кейін Д 14А.01.22 (2001 жылдан қазіргі күнге дейін) диссертациялық кеңесінің төрағасы.

Э.Д. Сүлейменова – 160-тан аса қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ғылыми еңбектердің авторы. Э.Д. Сүлейменова филология ғылымдарының 15 докторын, 34 кандидатын, сондай-ақ 4 PhD докторын дайындады (оның ішінде АҚШ азаматы Уильямм Риверс бар: "Factors Influencing Attitudes and Behaviors towards Language Use among Kazakhstani University-Level Students" – National Foreign Language Center, Washington DC, USA & University of Maryland, Department of Germanic and Slavic Languages, USA – 2003).

  МАДИЕВА ГУЛМИРА БАЯНЖАНҚЫЗЫ

2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін кафедраны филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Б.Мадиева басқарып келеді.

 

  1996 жылдан бастап жалпы тіл білімі кафедрасында жұмыс істейді; 1997-2000 жж. – факультеттің кәсіподақ бюросының төрағасы; 2000-2002 жж. – Д 14А.01.22 диссертациялық кеңесінің ғалым хатшысы; «Өрлеу» журналының редакция алқасының мүшесі (2000-2002); «КАЗПРЯЛ» қоғамдық бірлестігінің хатшысы; «КАЗПРЯЛ бюллетенінің» жауапты редакторы. Профессор Г.Б. Мадиева 1 филология ғылымдарының докторын, жеті филология ғылымдарының кандидатын, екі PhD докторын дайындады.

Айналысатын ғылыми салаларына теориялық және қолданбалы ономастика, қостілдік лексикография және жалпы тіл білімі мәселелері кіреді. Г.Б. Мадиева 100-ден аса ғылыми еңбек жариялады, атап айтқанда, "Теория и практика ономастики" (2003); «Имя собственное в контексте познания» (2004, 2011), «Теоретические основы ономастики» (2010), «Топонимическое пространство Восточного Казахстана» / Бірлескен авторлар: О. Сапашев, Б. Бияров және т.б. (2008) монографияларының авторы.

 

Г.Б. Мадиева – "The Lexicographical Description of Loanwords in Kazakh" INTAS-96-0073 халықаралық жобасына қатысушылардың бірі, "Словарь по языкознанию. Тіл білімі сөздігі" (Алматы, 1998) және жалпы білім беретін мектептердегі 7-8 сыныпқа арналған «Русский язык» оқу-әдістемелік кешендері авторларының бірі (2000; 2003, 2007, 2008).


Ибраева Жанар Құлматқызы – психолингвистика, салғастырмалы тіл білімі мәселелерінің маманы. 1999 жылы «Национально-культурная специфика конвенциональных фразеологизмов с соматизмами (на материале казахского, русского и английского языков)» атты тақырыпта профессор Н.Ж. Шаймерденованың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. «Невербальная коммуникация: национально-культурная специфика» (2003 г.) атты оқу құралының авторы. Ғылыми табыстары мен жетістіктері үшін Ж.Қ.Ибраева Жас және талантты ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері (2006-2008). ҚР БжҒМ «Государственный язык как базовая составляющая национальной идеи в процессах государственной идентичности как основы устойчивого развития казахстанского общества» (2007-2009) және «Қазақ тілінің лексикалық бірліктеріндегі ұлттық-мәдени құндылықтардың кумуляциялануы: лингвоелтанымдық электронды тезаурус селекциясы және лемматизациясы» атты ғылыми-зерттеу жұмысы жобасына қатысушы (2009-2011). «2008 ж. ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауының жеңімпазы. КАЗПРЯЛ мүшесі.

 

Ләззат Маратқызы Шәйкенова кафедрада күндізгі аспирантураны аяқтағаннан кейін жұмыс істей бастады. Проф. Э.Д. Сүлейменованың жетекшілігімен “Функционально-семантическое описание ментальных перформативов” (Алматы, 1999) тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Л.М.Шайкенова Д 14А.01.22 диссертациялық кеңесінің ғалым хатшысы, "Перформативы: виды и способы выражения" (Алматы, 2003) оқу құралының авторы. КАЗПРЯЛ мүшесі.

 

 

    Раушан Амирдинқызының ғылым жолына жасаған алғашқы қадамы ескінің соңы, жаңаның басы болған мың тоғыз жүз тоқсан бірінші (1991) жылдармен тұспа-тұс келді. Азуы алты қарыс алып империя атанған – Кеңестік жүйенің көбесі сөгіліп, одақтас республикалардың бір-бірінен іргесін алшақтата бастаған кез еді. Қоғамдық үлкен өзгерістер болып, формациялар ауысып, жетпіс жыл қалыптасып, қанға сіңіп, бойға тарап кеткен идеологияның тас-талқаны шығып жатқан уақыт экономикадан бастап, ғылым-білім, өнер мен мәдениет деңгейінде де үлкен дағдарыстар туғызып жатты. Дәл осындай балапан басымен,  тұрымтай тұсымен кетіп жатқан кезеңде болашағы белгісіз, тұманды көрінген ғылымнан қол үзбей, академик Әмен Қайдаровтың  ғылыми жетекшілігімен  «10.02.02 – языки народов СССР (ұйғыр тілі)» мамандығы бойынша «Семантико-морфологическая характеристика глагольных фразеологизмов современного уйгурского языка» атты кандидатттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

   2003 жылы «Қазақ фразеологизмдерінің семантикасы» тақырыбында 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, түркі, қазақ фразеосемантика сегментіндегі ірі ғылыми мектептерге негіз болатын  бағыттың іргетасын қалап берді.

   Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің  Жалпы тіл білімі кафедрасының доценті, 2004 жылдан  профессорлық  қызметін атқарды.

   2005-2007 жж. Халықаралық жоғарғы оқу орындарының келісімі бойынша Мәскеу лингвистикалық университетінде «Қазақ тілі орталығына» жетекшілік етіп, университет профессоры ретінде Мәскеу студенттеріне қазақ тілінен сабақ беріп, Абай тілінде сөйлете алды. Орталық 2003 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, РФ ҚР Елшілігінің, әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың белсенді қолдауымен Орталық ашылып, 16 жылдан бері қазақ тілі екінші шет тілі ретінде оқытылып жүр. Проф. Р.А. Авакова Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігімен бірлестікте бірқатар дипломатиялық мәдени-ағартушылық іс-шаралардың көшбасшысы болды. Сол тұстағы еңбектері Ресей, ТМД, Қазақстандық БАҚ порталдарындағы көптегент сұхбаттарымен есте қалды. Р.А. Авакова ММЛУ-ға «Сіңірген еңбегі үшін» (2018) деген төсбелгімен марапатталды. 2007 жылы ғалым  «ҚР Үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы атанды. 2008-2013 ж.ж. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-да  тұңғыш рет түркітану кафедрасын ашып, үлкен ұжымға жетекшілік етті, кафедра меңгерушісі болды. Түркітану саласындағы алғашқы кәсіби біліктілігі бар мамандарды оқытып шығарды.

   Авакова Раушан Амирдинқызы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең ірі жобаларының бірі болған Халықаралық  «Болашак» стипендиясының иегері болу үлесін де бөлісті. 2013-2014 ж.ж. Америка Құрама Штаттарындағы Висконсин-Мадисон  университетінде ғылыми тағлымдамадан өтті. Осы тұста ерекше атап өтер мәселе – ғалым өзі тағылымдамадан өте жүріп, теңіздің арғы жағында тұңғыш рет қазақ тіліндегі Халықаралық конференция ұйымдастырып, Америка құрлығындағы ғылыми элитаға қазақ тіліндегі баяндамаларды тыңдатты.

    Бүгінгі таңда ғалым «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі ретінде мыңдаған тіл теоретиктері мен түркітанушыларға кәсіби біліктілік беріп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты маман етіп шығару жолында аянбай еңбек етуде. Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500–ден аса ғылыми еңбектердің авторы, атап көрсетсек: 5 –монография, 4- оқулық; 7 –оқу құралы , 3–оқу–әдістемелік нұсқау, 2– сөздік, 30 –аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары  пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың   авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары  10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 - PhD докторы дайындалды.