Әскери кафедрада «Балалар мерекесі» аталып өтті

01.06.2018

Көрулер: 4170

1-  маусым Балаларды қорғау күні әлемдік деңгейде 1989 жылдан бері халықаралық мереке болып тойланып келе жатқаны баршамызға белгілі. Балалар – ұрпақ жалғастығы, болашағымыздың жарқын кепілі. Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.

Осыған орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасы мен аталмыш университет қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балалар мерекесін» атап өтті.

Әскери кафедраның шаңырағында өткен айтулы мерекенің шымылдығын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының бастығы полковник Ажимов Олег Вали-Ахметович пен «Парасат» кәсіподағының төрағасы Мекебаев Талғат Құмарғалиұлы ашып берді.

Салтанатты іс-шараның бірінші бөлімінде әскери кафедраның студенттері балаларға арналған концерттік бағдарламаларын тарту етті. Концерттік бағдарламадан соң балалар арнайы аниматорлардың көмегімен «ертегі әлеміне» саяхат жасады. Үлкен жастағы балаларға интерактивті лазерлік тирде әтүрлі атыс қаруынан атуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ олар автоматтарды бөлшектеп қайта жинады. Келген балалардың қызығушылығын оятқан атыс қаруы үлгілерінің көрмесі, БМП жүргізушілерінің, зенит атқыштардың тренажерлары болды.

Мереке соңында балаларға түрлі сыйлықтар мен тәттілер тарту етілді. Осы тектес іс-шаралардың өткізілуі өскелең ұрпақты еліміздің нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуге, Отанға деген махаббат пен достықтың берік болуына ықпал етеді.