«Теория – сыныпта, тәжірибе – далада!»
Көрулер: 3362
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник С.Ә. Жасұзақовтың азаматтық жоо-ы әскери кафедраларында оқитын студенттермен өткізілетін сабақтың тәжірибелік бағыты, сондай-ақ әскери жоо-ы мен әскери кафедралар арасында тығыз байланыс орнату туралы нұсқауларына сәйкес 2018 жылғы 1-2 наурыз аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының «Барлау десантты-штурмалық (парашютты-десанттық) бөлімшелері мен әскери барлау бөлімдерін жауынгерлік пайдалану» және «Жалпыәскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрылымдарды жауынгерлік пайдалану» әскери-есептік мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттері үшін Құрлық әскерлері Әскери институтының оқу орталығында атыс дайындығы, жауынгерлік машиналарды жүргізу және парк қызметін ұйымдастыру бойынша көрнекі және әдістемелік сабақтар жүргізілді.
Сабақ барысында студенттерге БМП ату, БТР және БМП жүргізу кезіндегі жауынгерлік машиналар экипаждарының үйлесімді іс-қимылы, атыс қаруынан және нысананы көздеген граната атқыштардан ату жаттығуларын орындау, сондай-ақ атыс қаруынан нормативтерді орындау кезінде оқу орындарын ұйымдастыру көрсетілді.
Бұдан бөлек, әскери кафедраның және Құрлық әскерлері Әскери институтының оқытушылар құрамы БТР және БМП жауынгерлік машиналарын жүргізу бойынша бірлескен әдістемелік оқу-жаттығуларын және «Жауынгерлік машиналар паркінің негізгі элементтері» тақырыбы бойынша тәжірибелік сабақтарын өткізді.
Қорытындылай келе студенттер дала жағдайларында сабақтарды ұйымдастыруда және өткізуде жақсы тәжірибе жинақтап, біздің армиямыздың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.