Нәдіров оқулары – жас ғалымдардың мұнай-газ саласында

9/16/2010

Views: 4031

16 қыркүйекте әл-Фараби атындағы химия факультетінде «Мұнай-газ кешенінің ғылыми-технологиялық дамуы» атты VІІІ Халықаралық ғылыми Нәдіров оқулары өтті. Шараға Нәдіров Нәдір Кәрімұлы өзі де қатысып, “Ғарыштың мұнай алу және оны тасымалдау жұмыстарына әсері” деген зерттеу жұмысымен бөлісті. Мұнай-газ саласының, жаратылыстану ғылымдарының, соның ішінде химия ғалымдары бас қосқан бұл халықаралық жиынның бас демеушілері “КазРосГаз”, «Теңіз Шевройл» компаниясы, «Торғай-Петролеум» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ болып отыр.

Халықаралық ғылыми Надиров оқулары ғылыми жұмыстар мен инженерлік шығармашылықты және оқу үдерістерін заманауи жетелдіру мақсатында 2001 жылдан бері жұмыс жасап, еліміздің барлық қалаларында, шетелде ұйымдастырылып келеді. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Н.К.Нәдіров – мұнайхимиясы және мұнай өндіру жұмыстарының қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған әлемдік деңгейдегі ғалым, 800-ден аса жарияланымның, 27 монографияның, 300 –дей ғылыми еңбектің, т.б. бірнеше ғылыми жаңалықтардың авторы. Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Құрметті мұнайшысы, КСРО ғылым танушысы, И.М.Губкин атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті инженері, Ресей федерациясының үздік халық ағартушысы, Ғылым маршалы (Франция) және т.б. көптеген атақтармен марапатталған.

“Нәдіров оқулары Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан т.б. елдер арасындағы ғылыми байланыстың өрісін кеңейтетін игі іс. Бұл ғылыми шараның ғалым атымен байланысты болуы да тегін емес. Нәдір Кәрімұлы мұнай-газ жаңалықтарының тұңғыш авторы. Төртінші ұрпақ сіздің баяндамаңызды тыңдап отыр. Сізді қазақстандық газ-мұнайдың атасы деп атау да сондықтан. Бүгінде 8 рет ұйымдастырылып отырған Нәдіров оқулары жас ғалымдардың өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін қоғамдық мінберіне айналып отыр”, -дейді ғалым Бақытжан Жұмағұлов.

Сонымен қатар “Қазақ мұнай мен газ институты” АҚ Бас директоры, ҚР Ұлттық инженерлік академияның академигі Ұзақбай Қарабалин, “Ғарыштық және технологиялық Ұлттық зерттеу орталығы” Акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Жантаев және тағы да басқа ғалымдар Мұнай-газ кешенінің ғылыми-техникалық дамуы аясында ой бөлісті. Шара барысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Нәдіров Нәдір Кәрімұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен “Қазақ мұнай мен газ институты” АҚ Бас директоры Қарабалин Ұзақбайды “Надыров оқуларының – лауреаты” медалімен марапаттады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі